30 қыркүйек күні Талқара ауылының жалпы орта білім беретін мектебінде «Отбасы болу өнері: есту, түсіну, қолдау» тақырыбында ата-аналар конференциясы өтті. Конференция жұмысына мектеп оқушылары мен шағын орталық тәрбиеленушілерінің ата-аналары белсене қатысты. Іс-шара барысында отбасы құндылықтарын нығайту, ата-ана мен бала арасындағы тиімді қарым-қатынас орнату, сондай-ақ баланың тәрбиесі мен дамуына қолайлы орта қалыптастыру мәселелері қарастырылды. Секциялық жұмыстарда ата-аналар жоғары белсенділік танытып, пікір алмасып, тәжірибелерімен бөлісті және практикалық тапсырмалар орындады. Конференция барысында педагог-психолог Умербаева С.Б. және сынып жетекшісі Умербаева А.Ж. сөз сөйледі. Пленарлық бөлімнің модераторы мектеп директоры Аубакирова А.Ж. болды. Конференция мектеп өміріне белсенді қатысқан ата-аналар мен қатысушыларды салтанатты марапаттау рәсімімен қорытындыланды. Барлық ата-аналарға белсенді қатысқандары, қызығушылық танытқандары және қолдау көрсеткендері үшін алғысымызды білдіреміз. Отбасы мен мектептің бірлескен еңбегі ғана балаларымыздың табысты дамуы мен жарқын болашағына негіз болады.